Қоян-қолтық ұрысынан Әлем чемпионаты тақырыбында тікелей эфир өтті!

Бүгін Маңғыстау облыстық “Қоғамдық коммуникация орталығында” қоян-қолтық ұрысынан Әлем чемпионатына арналған тікелей эфир ұйымдастырылды. Эфирдің басты тақырыбы – 16-17 қыркүйек күндері Ақтау қаласында өтетін жасөспірімдер мен жастар арасындағы дүбірлі дода болды.

Эфирге спорт саласында елеулі еңбек етіп жүрген азаматтар қатысты.

Маңғыстау облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Сұңғат Жұбатқан өз сөзінде: «Бұл чемпионат – біздің еліміз үшін үлкен мәртебе. Әлемнің түкпір-түкпірінен 23 мемлекеттің спортшылары келіп, 300-ге жуық жасөспірім мен жас спортшы бақ сынайды. Ақтау қаласы халықаралық деңгейде спорттың ордасына айналмақ. Бұл – Қазақстан спорты тарихындағы айрықша сәт», – деп атап өтті.

Қазақстан Республикасының Жауынгерлік өнер қауымдастығының бас директоры Абай Бекжанұлы Батыров чемпионаттың ел имиджіне қосар үлесіне тоқталып: «Жарыс тек спорттық дода ғана емес, достық пен бауырластықтың символы. Бұл турнир жас буынға жаңа тәжірибе сыйлап қана қоймай, еліміздің спорттағы беделін одан әрі арттырады. Біз үшін ең маңыздысы – жастарымыздың намыс пен қайсарлық танытуы», – деді.

Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Сергей Александрович Астахов: «Қазақстанда мұндай деңгейдегі чемпионаттың өткізілуі – әлемдік қауымдастық үшін үлкен қадам. Бұл жарыс жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Ақтау – спорттық рух пен бірліктің қаласы болмақ», – деп ой бөлісті.

Қазақстан қоян-қолтық ұрыс федерациясының бас хатшысы Әділ Тоқтарханұлы Қайрбаев дайындық барысына тоқталып: «Ұйымдастыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жанкүйерлеріміз үшін бұл – спорт мерекесі. Әлем чемпионаты аясында еліміздің жас спортшылары өз қабілеттерін халықаралық аренада көрсетуге мүмкіндік алады», – деді.

Ақтау қаласы 16-17 қыркүйек күндері әлемдік спорт назарында болмақ. Бұл чемпионат – Қазақстан спортының халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға жол ашатын айтулы оқиға.