Меню

Build by appazov & Разработка сайта angrycode

06:10 Ассоциацияның жаңалықтары 17 октября 2020

Нұр-Сұлтанда «Жас жауынгер» спорттық фестивалі өтті

Елордалық «Жекпе-жек» спорттық кешенінде Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясының қолдауымен «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубының ұйымдастыруымен, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Жас жауынгер» атты спорттық фестивалі өтті. Шараға Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясының Президенті Садықұлов Әнуар Төлеуханұлы және мәдениет және спорт саласына танымал азаматтар қатысты. Әнуар Төлеуханұлы Ассоциацияның болашақта да ерекше балаларға қолдау танытатынын жеткізді.

«Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы ЖАС ЖАУЫНГЕР жобасын осы жылы бастады. Бұл жоба біздің балаларымызға арналған. Ассоциацияның басты мақсаттарының бірі – біздің балалардың спортпен айналысуларына жағдай жасау. Жекпе-жек спорт түрлерімен айналысу арқылы балалар өздерінің денсаулығын нығайта алады. Біз мұндай жобаларды болашақта да қолдаймыз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті балалардың Комитетке бағынысты Балқаштағы санаторийде емдік дене шынықтыру ем-домын алуын қамтамасыз етеді», - деді Ассоциация Президенті.

Аталған шара Сал ауруына шалдыққан балалар халықаралық күніне арналды. Айта кетейік, бұл күн бүкіл әлемде 7 қазан күні аталып өтіледі.

Бұл іс-шара «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Қазақстанда алғаш рет ерекше балаларды әлеуметтендіру және бейімделген спортты насихаттау үшін қолдау көрсету мақсатында өткізілді. Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, боксшы Мерей Ақшалов, ММА шебері Жалғас Жұмағұлов, «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев секілді танымал спортшылардың қолдауымен ерекше балалармен бірлесе шеберлік класы ұйымдастырылды. Барлық балалар естелік медаль, спорттық форма және демеушілерден басқа да сыйлықтарға ие болды. Іс - шара санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, көрерменсіз өтті.