Меню

Build by appazov & Разработка сайта angrycode

04:07 Ассоциацияның жаңалықтары 8 июля 2020

Киберспорт: Коронавирус пандемиясы геймингтің дамуына қалай ықпал етуде?

Қазіргі уақытта киберспорт қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Бейне ойын индустриясы, арнайы жабдықтар мен құрылғылар, тікелей эфирдегі ойындар («стриминг»), жарнама және басқа да коммерциялық қызмет түрлері де киберспортпен тығыз байланысты.

«Киберспорт – бұл видео ойындарға негізделген командалық немесе жеке жарыс. Компьютерлік және / немесе видео ойындарға негізделген бәсекелестіктің бұл түрі адам мен адам немесе командалар арасындағы бәсекелестікке тең жағдай жасайды. Киберспортта спортшылардың бәсекеге қабілеттілігі арнайы ақпараттық жүйелерде интеллектуалды қабілеттер мен арнайы дағдыларды қолдану арқылы жүзеге асырылады», – дейді Қазақстан киберспорт федерациясының жоба үйлестірушісі Ғалым Балқанаев.

«Qazaq Cybersport Federation» РҚБ (QCF) 2017 жылдың соңында киберспорт кәсіпқойлар мен әуесқойларының бастамашыл тобымен құрылды.

«Біз Қазақстанда киберспортты дамытудың құқықтық және ұйымдастырушылық негізін құруға бағытталған ауқымды жұмыстар жасадық. Осылайша, еліміздің тоғыз аймағында филиалдар ашылды. Кәсіби киберспорттың қазіргі жағдайы мен болашағы талданып, құқықтық мәртебесін нығайту үшін негізгі құжаттардың жобалары дайындалды», – дейді Ғ. Балқанаев.

2018 жылғы 25 маусымда киберспорт Қазақстанда ресми спорт түрі деп танылды. 2020 жылдың наурызында QCF IESF компьютерлік спорт халықаралық федерациясының және осы жылдың мамыр айында Global Esports Federation GEF (барлық киберспорт ұйымдарын біріктіретін халықаралық ұйым) мүшесі болды

«2018 жылдың тамызында біз қазақстандық киберспортшылардың Джакартадағы (Индонезия) Азия ойындары аясында киберспорт көрсетілімдік жарыстарына қатысуын ұйымдастырдық, сонымен қатар WESG, Central Asia Open Starcraft II турнирі сияқты ауқымды іс-шаралар өткіздік», - деді Қазақстан киберспорт федерациясының жоба үйлестірушісі.

«Qazaq Cybersport Federation» Ali Play өткізетін жалпы саны 10 миллион адамнан тұратын аудиториясы бар World Electronic Sports Games (WESG) әлем чемпионатының іріктеу кезеңдерін өткізудің айрықша құқығына ие.

Федерация 2019 жылдың 27 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында (Жекпе-Жек жаңа спорт сарайында) республиканың түкпір-түкпірінен ойыншылар қатысқан WESG Kazakhstan чемпионатының ұлттық кезеңін, 16-17 қарашада Орта Азия елдерінің ойыншылары арасында WESG Mid Asia жарысын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізді.

«Qazaq Cybersport Federation» президенті Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, Қазақстанда киберспортқа деген қызығушылық өте жоғары.

«Біз барлығына қолжетімді Pinger Pro арнайы алаңын жасадық және онда қазірдің өзінде жақсы жүлде қоры – шамамен 46 миллион теңге болатын 112 турнир өткізілді. Біздің интернет ресурстарымыз 1 миллион 836 мыңға жуық қаралым жинады. Онда тіркелген спортшылардың саны 45 мыңға жуық, яғни көрермендер саны өсуде – жақында дәстүрлі спорт түрлерінің жанкүйерлерінен де асып түсетін болады», – деді Қ.Есекеев Tengrinews.kz агенттігінің онлайн-конференциясы барысында.

Ол дәстүрлі спорт түрлерінен киберспорттың бірқатар артықшылықтарын атап өтті, олардың бірі - қашықтан турнирлер өткізу мүмкіндігі пандемия кезінде жалғыз «тірі» спорттық шараға айналуына мүмкіндік берді.

«Адамдарға киберспорт ұнайды, өйткені компьютерлік жүйенің өзі – судья, нәтиже тікелей ойыншыға байланысты. Субъективті бағалау, адами фактор жоқ. Мұндай жағдай ойыншыны нәтижелерін одан әрі жақсартуға ынталандырады, сондықтан киберспорт классикалық спорт түрлерінен сапамен ерекшеленеді. Менің ойымша, Қазақстанда киберспорттың болашағы зор және жанкүйерлері де күн санап көбеюде», – деді Есекеев.